Сенат депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасын талқылады

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» ҚР заңының жобасы талқыланды.
None
None

Жиын барысында негізгі баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбековтің атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде 610 бала тәрбиеленіп отырған отбасы үлгісіндегі 10 балалар ауылы бар екен. Оның 7-еуі мемлекеттік болса, 3-еуі мемлекеттік емес мекеме. Сонымен қатар 27 жасөспірімдер үйлерінде балалар үйлерінің 1300-ден астам бітірушілері тұрып жатыр.

Жалпы бұған дейін 2000 жылы «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. «Аталған заңның қабылданғанына міне 10 жыл өтті. Осы уақыт аралығында қолданыстағы заңға практиктер мен заңгерлердің пікірлеріне сәйкес тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Сондықтан алдарыңызға ұсынылып отырған Заң жобасы қазіргі заман талабына сай және Үкіметтің 2009 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленді», деді вице-министр.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасын талқылау кезінде жұмыс тобына отбасы үлгісіндегі балалар ауылының жұмыс ерекшеліктерін жақсы меңгерген ұйымдардың өкілдерінен тәрбиеші-аналарды жұмысқа қабылдау кезінде жасына және біліміне қатысты шектеулерді алып тастау жөнінде ұсыныстар түскен. Осыған орай министрлік республикадағы балалар ауылдарында жұмыс істейтін тәрбиешілердің әлеуетті құрамын зерделеген.

«Бүгінде отбасы үлгісіндегі 10 балалар ауылында 90 тәрбиеші-ана жұмыс істейді», деп атап өткен М.Сарыбеков соңғы 3 жылда олардың 32-сінің жұмыстан өз еріктерімен босағандығын айтты. Бұл үрдіс тәрбиешілердің денсаулықтарына, отбасы құруына және бұрынғы тұрғылықты жеріне қайтып оралуына тікелей байланысты.

Осындай жайттарды ескерген министрлік жаңа заң жобасында тәрбиешілердің жас шамасына шектеуді алып тастауды ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар