Сенат депутаты Ақтөбедегі экологиялық проблемаларды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының тұрғындары қоршаған ортаның ластануына байланысты дабыл қағып отыр. Сенатор Бауыржан Қаниев депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпаратт тілшісі.
Өңірдегі негізгі экологиялық проблемалардың бірі – ауаның күкіртсутегімен ластануы. Оған себеп – ескірген тазарту құрылыстары мен кәріз стансаларының сапасыз жұмысы. Олар 40 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген.
«Ең басты экологиялық проблемаларының бірі – Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының күкіртсутекпен ластануы болып отыр. Облыс бойынша экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижелеріне сәйкес, күкіртсутек шығарындыларының негізгі көздері анықталды. Олардың қатарына қалалық кәріз желілері, кәріз тазарту нысандары және кәріз сорғы станциялары жатады. Ақтөбе қаласының кәріз тазарту нысандары 40 жыл бұрын пайдалануға берілген. Яғни, атмосфераның күкіртсутекпен ластануы кәріз желілерінің ескіруі мен сәйкес келмеуінен, сондай-ақ кәріз тазарту нысандарының тиімсіз қызметінен болып отыр», - деді Б. Қаниев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Сенатор ауаны ластайтын негізгі заттардың қатарында «Қазхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытын да атады. Мұнда қоршаған ортаға шекті рұқсат етілген зиянды шығарындылар нормативтен асып түскен, өндіріс және тұтыну қалдықтары дұрыс есепке алынбай жатыр. Тағы бір экологиялық мәселе – Елек өзенінің ластануы.
«Көтерілген мәселенің ерекше маңызды екенін ескере отырып, Үкіметтен қалалық кәріз желілерінде катализаторларды белсенді пайдалануды қамтамасыз етуді сұраймыз. Жедел түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алуды, міндеттемелерді орындауға қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейтуді, Елек өзенін хромнан тазарту бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды сұраймыз»,- деді депутат.