Сенат ЕАЭО медициналық бұйымдардың ортақ нарығын құруға Арменияның да қатысуы туралы хаттаманы ратификациялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
None
None

«Келісім бойынша медициналық бұйымдардың ортақ нарығын құру қарастырылады. Бұл ретте біріншіден, медициналық бұйымдарды тіркеу барысында одақ шеңберінде өндірілген және басқа мемлекеттерден әкелінген бұйымдарға бірдей талаптар қойылады. Одақ мүшелері медициналық бұйымдарға қатысты сынақтар мен сараптама нәтижелерін өзара мойындайтын болады. Екіншіден, айналысқа арналған бұйымдарды өндіруші сапа менеджменті жүйесін енгізу мен қолдауды қамтамасыз ететін болады. Үшіншіден, мүше-мемлекеттерде тіркелген медициналық бұйымдар айналысқа шығар алдында міндетті түрде арнайы белгімен таңбаланатын болады. Төртіншіден, одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысын бақылау мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, одақ елдерінде өндірілетін сапасыз, бұрмаланған немесе жалған медициналық бұйымдардың айналыста болуы анықталған жағдайда уәкілетті орган мүше-мемлекеттерге хабардар етеді. Бұл орайда, ондай медициналық бұйымдардың қолданылуын тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, айналыстан алу бойынша шаралар қабылданады. «Келісімде қауіпсіз, сапалы және тиімді медициналық бұйымдар айналысын қамтамасыз ету үшін ақпаратты  қолдау шаралары қамтылып отыр. Осыған байланысты ЕАЭО аясында тіркелген медициналық бұйымдардың бірыңғай тізілімін, уәкілетті ұйымдардың бірыңғай тізілімін, медициналық бұйымдар қауіпсіздігі мен сапасына қатысты бірыңғай ақпараттық дерекқорын құру көзделеді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар