Сенат «электрондық үкімет» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасының негізгі мақсаты ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді реттейтін құқықтық нормаларды белгілеу жолымен «электрондық үкімет» жүйесін дамыту мәселелері бойынша олардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен бірге, құжатта әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерінде мемлекеттік басқару сапасы мен тиімділігін арттыру шаралары қарастырылады.
Заң жобасымен қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексіне және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Жоба бойынша баяндама жасаған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев құжатты әзірлеу барысында бірқатар халықаралық тәжірибелер назарға алынғанын атап өтті. Мәселен, министрдің айтуынша, электрондық қызметтер туралы заңды әлемде ең бірінші болып 2001 жылы Финляндия қабылдаған. Бұдан кейінгі жылдары АҚШ пен Оңтүстік Корея елдері де осындай заң қабылдаған.
«Заң жобасы бойынша мемлекеттік электрондық қызметтерді интерактивті режімде беру үшін бірқатар нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, электрондық құжаттар түрінде талап-арыздарды беру, мемлекеттік базалардағы ақпаратты азаматтардан талап етпеу, мемлекеттік органдардың электрондық қызметтерді енгізу мерзімдерін бекіту, электрондық нысанда мемлекеттік органдарға құжаттар ұсыну, электрондық нысанда мемлекеттік органдардан құжаттар алу, электрондық нысанда лицензиялауды регламенттеу шаралары көзделіп отыр. Екінші бағыт бойынша ұсынылатын нормалар төлем шлюзі терминін және оператордың функцияларын енгізуді, төлем шлюзі арқылы электрондық мемлекеттік қызметтер үшін төлем жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен, қатар құжат бойынша азаматтар мен заңды тұлғаларға «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлемдер жасауға мүмкіндік қарастырылған», деді министр.
Заң жобасы барлығы «электрондық үкімет» дамуының 4 бағытын: интерактивтік тәртіпте электрондық мемлекеттік қызметтерді беру, мемлекеттік қызметтерді төлеу мүмкіндігі, ақпараттық мемлекеттік ресурстарда мемлекеттік тілді қолдану, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларын қамтиды.