Сенат елімізге 190 млрд йен тартуға арналған заңдарды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Азия Даму Банкінен, Азия Инфрақұрылымдық Банкінен, сондай-ақ Халықаралық Қайта құру және Даму банкінен жалпы сомасы 190 млрд йенге жуық қаражат тартуға арналған үш құжат мақұлданды.

Сенат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы аясында 52,3 млрд сомасында жапондық йен алу ескерілген. Азия Даму Банкі Қазақстан Республикасына 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен қарыз береді. Осы қаражат биылғы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға мүмкіндік береді, осылайша 2024 жылға арналған республикалық бюджет аясында мемлекеттің өзіне қабылданған барлық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Мұнымен қоса, Сенаттың жалпы отырысында мақұлданған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы аясында 84,9 млрд йен тартылады. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 11 қазанда қол қойылды. Өтеу мерзімі 2034 жылғы 15 қыркүйекке дейін, оның ішінде 2029 жылғы 15 наурызға дейінгі жеңілдік кезеңі. Қарыз қаражаты 2024 жылға арналған республикалық бюджет аясында қабылданған мемлекеттің барлық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бүгін мақұлданған «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы бойынша 52,7 млрд йен алу қарастырылған. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда қол қойылды. Аталған банк Қазақстанға 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен қарыз береді. Онда 3 жылдық жеңілдік кезеңі ескерілген.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан Азия Даму Банкінен, Азия Инфрақұрылымдық Банкінен, сондай-ақ Халықаралық Қайта құру және Даму банкінен жалпы сомасы 200 млрд йенге жуық қаражатты не себепті тартып жатқанын түсіндірді.

 

Соңғы жаңалықтар