Сенат энергия өндіретін ұйымды қолдауға арналған құжатты мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Аталған заңның мақсаты - коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға берілетін субсидияларды, гранттарды және өзге де өтеусіз көмекті алушыларды мемлекеттік қолдау аясында мемлекеттік субсидияларды толық игеруді қамтамасыз ету.
- Заңның негізгі міндеті салық режимін нақтылауға негізделген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен және жергілікті атқарушы органдардан бөлінген субсидияларды, гранттарды немесе өзге де өтеусіз көмекті салық салу мақсатында табыс ретінде қарамау, сондай-ақ субсидиялар есебінен жүргізілген шығыстарды шегерімге қабылдамау ұсынылады. Бұл нормалар акцияларының немесе қатысу үлестерінің жүз пайызы мемлекетке тиесілі, коммуналдық меншіктегі және электр энергиясын, суды (дистиллятты) әрі жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті бір мезгілде жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдарға қолданылады, - деді сенатор Бекбол Орынбасаров.
Оның атуынша, заңның қабылдануы қаржы қаражатын басым әрі аса маңызды қажеттіліктерге қайта бөлуге мүмкіндік береді, өндірістік қызметті қолдауға және жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді орындауға арналған қаражатты қайта инвестициялау мүмкіндігін қамтамасыз етеді деп ескерілген. Бұдан басқа, заң энергетикалық қуаттарды сақтауға және халық пен кәсіпорындардың экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Бұдан дейін осы құжатты Парламент Мәжілісінде талқылау кезінде МАЭК-ті қолдауға бөлінген қаражатқа салық салынбайтынын жазған едік.