Сенат фонограмманы пайдалануды шектеу туралы заңды Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

фонограмма
Фото: pexels.com

Заң мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді және ұлттық заңнама мен оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

- Қаралып отырған заң жұмыс тобы отырыстарында жан-жақты талқыланды, сұрақтарға жауаптар алынды. Дегенмен, заңды жұмыс топтарының, комитеттің кеңейтілген отырыстарында қарау барысында заңнамалық сипатқа ие бірқатар ұсыныс пен ескертулер жинақталғанын атап өткіміз келеді, - деді сенатор Талғат Жүнісов.

Бұл тұрғыда заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы»

Заңында: 

- телевизиялық жазбалар мен концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бейімделмеген орындарды қоспағанда, ұйымдастырушыларды, шығармашылық ұжымдарды және орындаушыларды концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалануына тыйым салуды көздейтін өзгерісті нақтылау;

- заңнамада белгіленген жағдайларда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу және музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалану туралы көрермендерді хабардар етуді міндеттейтін және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» қолданыстағы заңның тиісті нормасын осы түзетуге сәйкестендіру;

- жеке тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларында авторлық құқық объектілері саналатын туындыларды жария пайдалануы кезінде автордың (авторлардың) атын көрсетуге міндеттеу жөніндегі норманы қолданыстағы заңнамаға қатысты реттеу;

- орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді тиісті көлемде қаржыладандыратын жергілікті атқарушы органдардың тізімінен аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларды алып тастау жөніндегі түзетулер қамтылған.

- Сондай-ақ заңның кейбір баптарының күшіне ену мерзімдерін қайта қарастыру жөніндегі ұсыныстар қаралды, - деді депутат.

Еске салсақ, былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фонограммамен ән айту, авторлық құқық мәселесі заң арқылы реттелетінін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар