Сенат қандай заңдарды қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған бірқатар Заңды қарайды. 

Сенат
Фото: senate.parlam.kz

Сонымен палата отырысында депутаттар алдымен «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды, сондай-ақ оған ілеспе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңына ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарды пысықтайды. 

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат ізгілік қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіруге және әкімшілік әділет жүргізу аясында халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған.

рақымшылық, амнистия
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana/ Canva

Қылмыстық рақымшылық жасау бойынша:

1) осы құжат қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдарға қатысты қылмыстық істерді, оның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату;

2) азаматтардың және мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды, атап айтқанда:

- қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар;

- залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар жасағандарды (жазасын өтеуіне бір жылдан аспайтын уақыт қалған, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген бөлігіне қарамастан) босату;

3) орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандардың, залалды өтемеген адамдардың өтелмеген жаза мерзімін (1/2 бөлігіне), ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың (залал өтелген жағдайда 1/3 бөлігіне, зиян өтелмеген жағдайда 1/4 бөлігіне) және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың (залал өтелген жағдайда 1/4 бөлігіне, зиян өтелмеген жағдайда 1/5 бөлігіне) өтелмеген жаза мерзімін қысқарту ұсынылды.

Күн тәртібіне сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау, газбен жабдықтау және электр энергетикасы, цифрландыру және дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы мен көліктегі озық технологияларды реттеу, жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ ара шаруашылығы мәселелеріне қатысты салалық заңдарды қарау енгізілген.

Мәжіліс әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіретін заң жобасын қарайды
Фото: Kazinform/ parlam.kz

Мұнан бөлек, сенаторлар бастамашы болған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қаралады. Құжат әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар түзетуді қамтиды. Атап айтқанда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, терроризмге қарсы операцияларға қатысқан кезде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету барысында ақшалай үлесті үш еселенген мөлшерде төлеу көзделген.

Елдегі телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытуға, байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған келесі құжат – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл құжатты да сенаторлар жан-жақты пысықтауды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстанның сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң мен оған іліспе құжат мақұлданды.

Бұл заңдар қолданыстағы заңнаманы Конституцияның жаңа нормаларымен сәйкестендіруге, еліміздің сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ прокуратура және басқа да салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Жалпы, конституциялық реформаны іске асыру аясында бірқатар заңнамалық түзетулер енгізілді. Заң аясында 81 заңнамалық актіге, оның ішінде 15 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Аталған құжат:

- бір палаталы Парламент – Құрылтайдың, Қазақстан Халық Кеңесін құрылуына байланысты өзгерістерді;

- құқықтық терминологияны жетілдіруге бағытталған редакциялық түзетулерді көздейді;

- Астана қаласының ерекше мәртебесіне сәйкес, аумақ атауларын көрсетуде басымдықпен реттелген;

- бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Заңның 40-шы бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Сотқа жүгіну үшін қарастырылған мемлекеттік баж төлемі Салық кодексінен де алынып тасталды.

Сенаторлар мақұлдаған келесі құжат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң.

Сенат ғылымды дамыту мен дәріні тіркеу нормаларына қатысты құжатты қарайды
Фото: Коллаж: Kazinform / Senate.parlam.kz / Canva

Заң ғылымды дамытудың тиімді және тұтас моделін қалыптастыруға, ғылыми нәтижелерді нақты экономикаға енгізуге және елдің ғылыми-технологиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сондай-ақ, заң ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала және әскери қызмет мәселелерін де қамтып отыр. Мұнымен қоса, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында бірлескен жобаларды қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру шаралары күшейтіледі. Осының нәтижесінде ғылыми зерттеуден бастап оны өндіріске енгізуге дейінгі толық цикл қалыптасады. Бұдан бөлек, конкурстар нәтижелерін жариялау мерзімдерін белгілеу, жобалардың құнын негіздеу және қаржыландыру көлемдерін бекіту тәртібін нақтылау көзделген.

Сонымен қатар депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен және оған ілеспе құжатпен келісті.

Құжатта Мемлекеттік күзет қызметінің лауазымды адамдарына өз құзыреті шегінде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беру ұсынылады. Оларда мемлекеттік мүлікті пайдалану мәселелері де қарастырылған. Азаматтық кодекске енгізілетін түзетулер арқылы мемлекеттік мекемелерге бекітілген мүлікті пайдалану тәртібі қолданыстағы заңнамамен толық сәйкестендіріледі. Бұл мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оны мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға және құқық қолдану тәжірибесіндегі түсінбеушіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әскери және арнаулы оқу орындарында даярланған мамандарға жұмсалған мемлекет қаражатын өтеу тетігі жетілдіріледі.