Сенат Қатармен бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізуге арналған заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Сенат
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

Заң 2023 жылғы 12 желтоқсанда Дохада қол қойылған Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.

«Келісімді ратификациялау екі мемлекет арасындағы әскери білім беруге, әскери қызметшілерді даярлауға, әскери медицина, ғылым, мәдени, спорт саласында ынтымақтастық іс-шараларын өткізуге және өзге де салалаларда келісілген қызметтер мен жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызметшілерді тілге үйрету, ақпараттардың құпиялығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларда консультациялар алу қарастырылған, заң мәселелері бойынша түзетулер енгізу тәртібі айқындалған», - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев

Оның айтуынша, келісімде жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу кезінде мемлекеттердің әуе кеңістігін және әскери полигондарын өзара келісілген мерзімдерде пайдалану, техникаларды тасымалдау мүмкіндігі ескерілген.

«Қазақстан және Қатар үкіметтерінің заңды іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары ретінде екі елдің қорғаныс министрліктері белгіленген. Уәкілетті органдар тараптардың қызметін айқындайды, ұйымдастырады және үйлестіреді, қажет болған жағдайда бірлескен жұмыс тобын құрады.

Жұмыс тобы уәкілетті органдардың келісімі бойынша екі мемлекеттің аумағында кезекпен отырыстарын өткізеді. Келісім 5 жыл мерзімге жасалды. Егер ағымдағы мерзім аяқталғанға дейін тараптар алты айдан кешіктірмей келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық келесі бес жылға автоматты түрде ұзартылады. Екі ел арасында тығыз саяси диалог, экономикалық серіктестік және мәдени–гуманитарлық байланыстар нығайып келеді. Қатар мемлекеті – Ислам әлеміндегі біздің сенімді және маңызды әріптесіміз», - деді депутат.

Айта кетейік, биыл қазан айында Парламент Мәжілісі Қазақстан мен Қатар арасында әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған осы заңды қабылдаған еді. 

Соңғы жаңалықтар