Сенат Қазақстан мен Өзбекстанның экологиялық бастамаларына арналған құжатты мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.  

Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі
Фото: Ақорда

Бұл келісімге 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылған. Келісім қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және тиісінше Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметінше, аталған құжат аясында атмосфералық ауаның ластануының алдын алу және оны бақылау, судың ластануына жол бермеу, биологиялық әртүрлілікті сақтау, экожүйені тозудан қорғау және құмды дауылдардың алдын алу және басқа да мәселелер ескерілген.

Бұдан басқа, Келісімде Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлеу қарастырылған. Осы халықаралық құжат шеңберінде қоршаған ортаны мониторингтеу саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу қызметі мәселелері бойынша бірлескен конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, сондай-ақ жұмыс топтарын өткізу жоспарланған.

«Аталған Келісім қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты және орман алқаптарын қалпына келтіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жамылғысының деградациясына қарсы күресті қоса алғанда, мониторингілеу бойынша өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді. Құжат су сынамаларын бірлесіп іріктеуді, су сапасы бойынша деректерді және нормативтік құжаттарды талдауды әрі алмасуды жүзеге асыруға бағытталған. Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша өзбек тарапымен бірлескен іс-шараларды жүргізу маңызды іс-шара деп ойлаймын. Осыған байланысты бұл Келісімнің қабылдануы екі мемлекеттің Арал теңізі мен Арал өңірін қалпына келтірудегі, сондай-ақ осы саладағы халықаралық әрі өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асырудағы күш-жігерін біріктіреді және үйлестіретін болады. Сексеуіл егу арқылы Арал теңізінің экологиялық дағдарысының салдарын жеңілдету және құм-тұзды дауылдардың алдын алу бойынша Қазақстан мен Өзбекстан тараптарының іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік береді», - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Соңғы жаңалықтар