Сенат Қазақстан мен Өзбекстанның сауда байланысын нығайтатын құжатты мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

су
Фото: Parlam.kz

Заңның негізгі мақсаты – екіжақты өзара ынтымақтастықтың барлық әлеуетін тиімді жүзеге асыру. Өзбекстан – Орталық Азиядағы Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен қолдауға негізделіп, түрлі бағыттарда қарқынды дамып отыр.

- Аталған келісімді жасасу – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-отырысының шешімін іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын біріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқарады, - деді сенатор Алишер Сатвалдиев.

Бұл орталық Қазақстанның «Атамекен» және Өзбекстан жағынан «Гүлстан» бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады. Ол өндірістік алаңдардан, қоймалардан және көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Мұндай шешім жүк тасымалын жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Келісімге сәйкес, орталықтың жалпы аумағы 100 га болып белгіленді. Тараптар елу гектардан жер бөледі. Бұл аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі.

- Түркістан облысы өткізген ашық конкурс нәтижесінде «Trans Continental Logistic Gr» компаниясы тікелей инвестор ретінде анықталды. Инвестор орталықтың ішкі және сыртқы инфрақұрылымына қаржы құяды. Алдын ала бағалау бойынша, қажет инвестициялар шамамен 27 млрд теңгені құрайды. Инвестициялық келісімдерге қол қойылған соң, нақты қаржыландыру шарттары мен сомасы нақтыланады. Қазіргі уақытта инвестор орталықты қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Техникалық іске қосу 2026 жылдың 4-тоқсанына, ал ресми ашылу 2027 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған. Орталық жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруды, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеуді, сондай-ақ фармацевтика, электротехника, химия, тері өңдеу, тоқыма және тігін өнеркәсібі саласындағы өндірісті дамытуға қолдау көрсетеді. Бұл өз кезегінде тауар айналымын алдағы бес жылда 10 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға ықпал етеді, - деді депутат.

Келісімді ратификациялау – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру арқылы шекара маңындағы елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға және өндірушілер мен кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Өзбекстан мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделі.

Еске салайық, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін.

 

Соңғы жаңалықтар