Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Сенат Парламента РК ҚР Парламентінің Сенаты
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Заңда тиісті новеллалар ескерілген. Біріншіден, Қазақстан Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Осы орайда, ақпарат әрі қоғамдық даму, мәдениет, мұрағат ісі салаларында шамадан тыс регламенттеуді азайтады. Сондай-ақ жұмысты жедел ұйымдастыру мақсатында осы салаларға қатысты заңдардағы мемлекеттік органның негізгі қызметіне, ішкі рәсімдеріне, оның басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына байланысты ережелерді заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілердің деңгейіне түсіру ұсынылды, - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Екіншіден, ҚР Үкіметінің құзыретіне креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындау бойынша құзырет беріледі. Сәйкесінше, мәдениет саласындағы уәкілетті орган креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру қағидаларын әзірлеу әрі бекіту жөніндегі өкілеттікке ие болады. Креативті индустриялар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне де енгізіледі.

- Үшіншіден, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін регламенттейтін түзетулерді енгізу көзделіп отыр. Жүйеде Қазақстанда, шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу мақсатында қаражатты жинақтауға болады. Ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балалар үшін салымдарды екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашу мүмкіндігі беріледі. Мұның тартымдылығын арттыру ретінде – салымшыларға мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақы беру, инвестициялық кіріс алу (бастапқы білім беру капиталын (60 АЕК), жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы (5% және 7%), банктің сыйақысын немесе сақтандыру ұйымының инвестициялық кірісі (орта есеппен 12%) алады), салымға кепілдік беру, өндіріп алудан босатылу және оқу орнын таңдау бойынша шектеулердің болмауы мүмкіндіктері қаралған, - деді депутат.

Биыл қараша айында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Келешек» капиталын төлеуге қатысты түсінік берді.

Бұған дейін «Келешек» бағдарламасы қандай мүмкіндік беретінін жазған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар