Сенат Қырғызстанмен арада сауданы ұлғайтуға арналған құжатты мақұлдады

Сенат
Фото: ҚР Парламенти Сенати

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Келісімнің мақсаты - Қазақстан жағынан «Қарасу» және Қырғыз тарапынан «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру.

Сенатор Бауыржан Қаниевтің айтуынша, Қазақстанның Қырғызстанмен өзара саудасы қарқынды дамып келеді. 2020 жылдан бастап екі ел арасындағы тауар айналымы 2 есеге өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 млрд АҚШ долларына жетті.

«Екі елдің мемлекет басшылары 2030 жылға дейін тауар айналымын екі есеге ұлғайту және оны 3 млрд АҚШ долларына жеткізу бойынша тапсырма қойып отыр. Осыған байланысты «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру екіжақты ынтымақтастықты жандандыру әрі өзара тауар айналымын ұлғайтуға, сонымен қатар үшінші елдермен сауданы кеңейту және халықаралық тауар өндіруші жүйелерге тиімді ықпалдасу үшін қажетті қадам жасауға бағытталған», - деді депутат.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, ИСЛК құрудың және оның жұмыс істеуінің негізгі міндеттері - қоймаға жинау, сақтау, шоғырландыру, қайта өңдеу, жаңа тауарлар өндіру әрі оларды халықаралық тауар өткізуші жүйелерге тиімді интеграциялай отырып, одан әрі өткізу саласындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз ету. Сондай-ақ онда қысқа мерзімді өткізу, логистика, сауда орындарын жалға алу, тауарларды көтерме партиялар бойынша шоғырландыру және қайта бөлу, тиеу және түсіру, экспорттық-импорттық операциялар бойынша құжаттамаларды ресімдеу, заңгерлік әрі қаржылық консультациялар қамтылады.

Келісімге сәйкес ИСЛК-нің жалпы алаңы 7,6 шаршы км құрайды, оның ішінде Қазақстан бөлігінің алаңы – 3,6 шаршы км, ал Қырғызстан бөлігінің алаңы 4 шаршы км құрайды.

Келісімді іске асырудан мынадай оңтайлы нәтижелер ескерілген:

- өндірістік кооперация, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру;

- ет және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу үшін жағдайлар жасау;

- логистика мен кәсіпкерлік қызмет объектілерін жақсарту;

- жаңа технологияларды тарту;

- ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өткізу, сақтау әрі қайта өңдеу;

- жаңа тауарларды өндіру және оларды халықаралық тауар өткізу жүйелеріне тиімді интеграциялай отырып одан әрі өткізу.

Соңғы жаңалықтар
telegram