17:44, 30 Қаңтар 2013 | GMT +5
Сенат комитеті кедендік баждарды өндіріп алудың ерекшеліктерін қамтыған құжатты талқылады
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат -Бүгін Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «2010 жылғы 21 мамырдағы Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсынудың кейбір мәселелері, кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алудың ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасына негіз болған Хаттамаға Кеден одағына қатысушы елдер 2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеуде қол қойған.
Құжат дипломатиялық өкілдіктің персонал мүшелерінің, шет мемлекеттің консулдық мекемесі қызметкерлерінің және соларға теңестірілген халықаралық ұйымдар органдарының және миссия өкілдерінің, сондай-ақ өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған тауарларға қатысты кедендік баждар мен салықтар төлеу талап етілмейтін қосымша жағдайларды белгілейді. Бұндай өзгерістер мәдени, ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалануға, спорттық жарыстар өткізуге, дүлей зілзалалардың, апаттардың салдарын жоюға арналған тауарларға қатысты болады.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.