Сенат комитеті Оралда көшпелі мәжіліс өткізді (ФОТО)

Шараға Сенат депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің басшылығы мен жауынгерлері, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Икрам Адырбеков 2013 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң еліміздің мемлекеттік шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негізі екенін атап өтті. «Жаңа заңда белгіленген баптар орындалуда, сонымен қатар заңның тиімділігін арттыру үшін шешуге тиісті мәселелер де бар», - деді сенатор.
Шекарадағы қазіргі жағдай, атқарылған жұмыстар, сондай-ақ көкейкесті мәселелер туралы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов жан-жақты баяндады. Сондай-ақ БҚО әкімінің орынбасары И.Стексов атқарушы биліктің жергілікті органдары, шекара қызметі және басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп қимылдаса, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңның тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп, туындайтын мәселелерді шеше алатынын атап өтті.
Жиын барысында депутаттар автомобильдер өтетін бекеттерді абаттандыру (қозғалыс жолақтарын кеңейту, жолды күрделі жөндеу) бағытында шекара инфрақұрылымы нысандарына жер телімдерін беру қажеттігін айтты.
Отырысты қорытындылаған И.Адырбеков «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңды іске асыру қарқынын бесеңдетуге болмайтынын, оған қоса айтылған өзекті мәселелер мейлінше шешілуі тиіс екенін жеткізді. Бұл - тек ҰҚК Шекара қызметінің ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың және министрліктер мен басқа да құзыретті органдардың міндеті.
Көшпелі отырыс аясында депутаттар қорғаныс өнеркәсібінің құрылымына кіретін «Орал «Зенит» зауыты» АҚ қызметімен танысты. Бұл мекеменің негізгі міндеті еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі үшін шағын катерлер мен кемелер жасау жөніндегі мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырыстарын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар депутаттар «Погодаев» шекара заставасының қызметімен танысып, «Сырым авто» шекара бақылау бекетінде және 2029-әскери бөлімінде болды.