Сенат комитетінде бірқатар халықаралық құжаттар қаралды

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында бірқатар халықаралық құжаттар қаралды.
None
None

Атап айтқанда, сенаторлар сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан мен Түркия Республикасы арасындағы келісімді қарады. Құжат Түркия Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматтарын және Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған Түркия Республикасының азаматтарын бұдан әрі жазасын өздері азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшін беру мәселелерін реттейді.

Сонымен бірге, отырыста сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан мен Қытай арасындағы осындай құжат қаралды. Құжат келісуші тараптардың құзіретті органдары арасындағы азаматтарды жазасын одан әрі өтеу үшін өздері азаматы болып табылатын мемлекетке берудегі ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін реттейді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Чехия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасы да сенаторлардың талқысына салынды. Шарт көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған кезде сұрау салушы тараптың юрисдикциясына жатқызылған қылмыстарға қатысты тергеуді, дәлелдер жинауды, қудалауды және сотта қарауды қоса алғанда, қылмыстық қудалау үшін өзара құқықтық көмек көрсетуді қарастырады.

Одан басқа, депутаттар заңнамаға еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын (екінші оқылымда) қарады.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар