Сенат комитетінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды

АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ?Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,
None
None
деп хабарлады ҚазАқпаратқа Сенаттың баспасөз қызметінен. Заң жобасын талқылау барысында қолданыстағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістер уақыт талабына сай екені аталып өтілді. Ақпарат саласын одан әрі либералдандыру, артық бюрократтық бөгеттерді жоюды Президент Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуында атап өткен болатын. Сенатор Анатолий Башмаковтың айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында бұқаралық ақпарат құралдарын либералдандыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізілді. Заң жобасы бойынша жұмыстар аясында құрылған жұмыс тобының отырысында ақпарат құралдары, құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің пікірлері тыңдалып, ескерілді. Түзетулер туралы айтар болсақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдағы 10 баптың жаңа мәтінінде телерадио ұйымдарын есепке қойылмауы ұсынылып отыр. Басылатын бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат агенттіктерін редакция мекен жайы мен редакторы өзгерген жағдайда қайта есепке қойылмауы да «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 10 бабы, 6 тармағына және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 342 бабы, 4 тармағына ұсынылған түзетулермен бекітілетін болды. Заң жобасына ұсынылған өзгерістер журналистердің құқықтарын кеңейтуді және кәсіби мүдделерін қорғауды мақсат етеді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 21 бабындағы 4-1 тармақшасын алып тастау журналисті интервью жүргізген кезде аудио және бейне жазбаны пайдалануға келісім алудан босатады. Сотта істі теріске шығаруды қарау барысында тараптардың теңдігін қамтамасыз ететін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 19 бабындағы 1 тармаққа және Азаматтық кодекстің 143 бабына түзетулерде толыққанды құқықтық қорғауды қарастырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолдануды кеңейту мен дамыту мақсатында заң жобасында телевизиялық және радиохабарлардың қазақ тілінде бірдей таратылуы туралы ереже нақтыланды. Заң жобасын талқылау барысында депутат А.Башмаков келешекте атқарылатын істер туралы ұсыныстар айтты. Қарастырылған түзетулердің қатарында болмаса да ол ұсыныстар материалдарды берген кезде әр істің шамасын ескеруге қызмет етер еді. Сенатордың айтуынша, батыс елдерінің тәжірибесінде даулы мәселелерді моральдық-этикалық, адамгершілік тұрғыда шешетін қоғамдық құрылымдар табысқа жетіп келеді. Комитет төрағасы Ахан Бижанов талқылауды қорытындылай келіп қаралған заң жобасы ұлттық және ақпараттық кеңістікті, азаматтар құқы мен мүдделерін қорғауды одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті. А.Бижановтың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер уақыт талабына, қоғамның әлеуметтік-саяси, экономикалық дамуының қазіргі заманғы деңгейіне, демократиялық үдерістерді одан әрі ілгерілетуге сәйкес ұсынылып отыр. Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.
Соңғы жаңалықтар