Сенат комитетінде төлем жүйелері туралы заң жобасы қаралды

Заң жобасы төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін қалыптастырады, көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттейді, сондай-ақ төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру саласындағы ережелерді жетілдіруді қалыптастырады.
Құжатпен төлем жүйелерінің жұмыс істеуі саласында төлем жүйелерінің жіктелуі (жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге төлем жүйелері) және олардың ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуінің тәртібі айқындалды. Көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің санаттары, олардың құқықтары мен міндеттері, реттеу режимі, олар көрсететін төлем қызметтерінің түрлері және көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерді айқындаудың өлшемшарттары мен тәсілдері белгіленген.
Жобада төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асырудың рәсімдері саласындағы бірқатар жаңалықтар қарастырылған. Банктерге және көрсетілетін төлем қызметтерін өзге де берушілерге көрсетілетін төлем қызметтері бойынша тарифтерді ұлғайтуға қатысты шарт талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салу белгіленген. Бұл ретте олардың клиентті комиссия мөлшерімен төлем операциялары жасалғанға дейін таныстыру міндеті енгізіледі. Сонымен бірге, халықаралық төлемдер мен ақша аударымдары сияқты жекелеген операциялар көзделеді, оларды жүзеге асыру кезінде өндірілетін комиссиялар мөлшері өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Құжат «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасының нормаларын іске асыру және кейбір заңнамалық актілерінің нормаларын оның қағидаларына сәйкес келтіруді мақсат етеді. Бұл заң жобасымен еліміздің он кодексіне және 15 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Заң жобалары Палата қарауына жіберілді.