Сенат отырысында Кеден одағына байланысты 15 заң қабылданды

А. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Кеден одағына қатысты 15 заң жобасын қабылдады.
None
None

Аталған заңдар шілденің 1-інен бастап Кеден одағы аумағында Кеден кодексінің жүзеге асуына, және Кеден одағының нақты іске кірісуіне байланысты қабылданып отыр.

Атап айтқанда, палата депутаттары Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік нысандарының бірыңғай кедендік тізілімі туралы, кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босату туралы, кеден аумағы арқылы жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын пайдалану ерекшеліктері туралы, халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшелігі туралы, еркін қоймалар мен еркін қойманың кедендік рәсімі туралы, кеден аумағындағы еркін экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтардың кедендік рәсімі туралы келісімдерді қабылдады.

«Бірінші келісім негізінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде кеден органдары зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылданатын зияткерлік нысандарын бірыңғай кедендік тізілімін жүргізу тәртібін белгілейді. Өтінішті қарау және зияткерлік меншік нысандарын бірыңғай тізілімге енгізу туралы шешімдер қабылдау Кеден одағына мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл регламентіне сәйкес жүзеге асырылады», деді заң жобалары бойынша баяндаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев.

Бұдан бөлек, келісімдердің бір бөлігі еліміздегі белгілі жоғары лауазым иелерінің жүктерін кедендік тексерулерден босатуға бағытталған. «Атап айтқанда, кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілдіктерін орындауға байланысты өтетін болса тізілімде көрсетілген лауазым иелерінің жеке жүктерін кедендік тексеріп қараудан босатылады», деді Б. Жәмішев.

Сонымен бірге, қабылданған келісімнің бір парасы Қазақстан мен Ресей арасындағы Кеден одағын қалыптастыру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдануды, жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларын кедендік шекара арқылы өткізуге байланысты операциялар жасау тәртібін, кеден одағы аумағында еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі жөніндегі келісімдерді қамтиды.

«Екінші келісім кеден одағын құру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы РФ мен Қазақстан арасындағы құжатқа сәйкес, біріншіден 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап Қазақстан мен Ресей арасында Кеден одағының Кеден кодексі мен оны іске асыруға бағытталған басқа келісімде күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан мен Ресей территориялары Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағы болып саналады. Бұл ретте осы келісімге сәйкес, «кеден одағының тауары» деген ұғымы енгізіледі. Оған - толығымен кедендік одақта өндірілген атуарлар, үшінші елдерден импорттталған шикізаттардан өндіріліп, Кедендік одақ тауары мәртебесіне ие болған тауарлар, үшінші елдерден импорттау барысында кеден баж салығы толығымен төленген тауарлар жатады», деді заң жобалары бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, ендігі күні Кеден одағы комиссиясының барлық шешімдері Қазақстан мен Ресей арасында консенсустық тетік арқылы шешімін табады. Бұндай консенсустық тетік тек Мемлекет басшыларының деңгейінде ғана қолданылады.

Парламент қабылдаған заң топтамалары Елбасының қол қоюына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар