Сенат Сингапур нарығына Қазақстанның қызметтер экспортын ұлғайтатын заң қабылдады

В развитии биотехнологий, медицины, цифрового сектора будут сотрудничать Казахстан и Сингапур
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында, бұл келісімге 2023 жылғы 22 мамырда Сингапур Республикасының Президенті Халима Якобтың Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында қол қойылған болатын. Келісімнің негізгі міндеттері — тараптар арасындағы қызметтер саудасы мен инвестицияларға жәрдемдесу және либерализациялау. Сингапур Қазақстан үшін ең алдынғы қатарлы серіктестердің бірі. Себебі ол бәрімізге белгілі болғандай, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, сондай-ақ ірі IT және қаржы хабы саналады. Оған, әрине сингапурлықтардың көрсетілетін қызметтердегі, дамудың озық тәжірибесі, экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады», — деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Оның дерегінше, 2013-2023 жылдары Сингапурдың Казақстанға салған тікелей инвестициялар ағыны 1,7 млрд, ал Қазақстанның Сингапурға салған тікелей инвестициялар ағыны 1,4 млрд долларды құраған. Ал, 2023 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 1,8 млрд долларға жеткен. Оның ішінде Қазақстанның Сингапурға экспорты — 1,7 млрд доллар болса, Сингапурдан Қазақстанға импорт 81 млн долларға жетті. 2023 жылы көрсетілетін қызметтердің экспорты Қазақстаннан Сингапурға 3,5 млн долларды құраса, ал Сингапурдан Қазақстанға қызметтер импорты 6 млн доллар болды.

«Сондықтан келісім аясында Қазақстан бизнесі үшін Сингапурде көрсетілетін қызметтер нарығына қолжетімділікті кеңейтіп, жақсартуға арналған кешенді шаралар қаралған. Қазіргі таңда екі ел арасындағы келісім аясында, мәселен, Алматы облысындағы G4 City, яғни Алатау қаласын дамыту, Жамбыл облысындағы цемент зауытының құрылысы, Ақтау портын жаңарту сияқты 15 шақты инвестициялық жобалар енгізіліп отыр. Оларға жұмсалған инвестициялар көлемі шамамен 681 млн долларды құрайды. Министрікліктердің ақпараты бойынша өткен жылдың соңына Сингапур капиталының қатысуымен Қазақстанда 143 заңды тұлға тіркелген. Тұтастай алғанда, келісімді ратификациялау Сингапур Республикасының нарығына отандық қызметтер экспортының өсуін ықпал етіп, Қазақстанға сингапурлық инвестициялар көлемінің ұлғаюына жәрдемдесетін болады», — деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар