18:26, 29 Қаңтар 2013 | GMT +5
Сенат спикері Алматы маңындағы апаттан қаза болғандарға көңіл айтты
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми интернеттегі парақшасында Алматы қаласы маңында орын алған ұшақ апатынан қаза болғандарға көңіл айтты.

«Алматы облысы аумағында апатқа ұшыраған Challenger-200 ұшағында қаза тапқан экипаж мүшелері мен жолаушылардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Көптеген адамдардың өмірі қиылған әуе апаты барша отандастарымызды қайғылы жағдайға душар етті», - деп жазады спикер.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 13-тер шамасында Алматы қаласының әуежайына шамамен 5 шақырым жетпей «Көкшетау-Алматы» бағытында «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ-ның №760 авиарейсін орындаушы «Challenger-200» ұшағы апатқа ұшырады. Алдын-ала мәліметтерге сай әуе кемесінің бортында 5 экипаж мүшесі және 15 жолаушы болған. Оқиғаға байланысты арнайы Үкімет комиссиясы құрылды. Оны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев басқаруда.