20:22, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Сенат спикері Қ.Тоқаев Австрия Ұлттық кеңесі төрағасымен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басты міндеттерін талқылады
МАГДЕБУРГ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Юлия Чернова/ - Қазақстан дәстүрлі «Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы» айдарымен оқырмандарға австриялық ақпараттық www.ots.at. порталының материалдары бойынша мақаланы ұсынады.
2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы қарсаңында Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның Венадағы қысқы VIII сессиясына қатысуы ауқымында Австрия Ұлттық кеңесінің президенті Барбара Праммермен кездесті. Келіссөздердің басты тақырыбы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту, адам құқықтары, сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болды. Австриялық тараптан әңгімеге депутат Карл Оллингер қатысып, мәдени және ғылыми деңгейде өзара іс-қимылды жеделдете дамытуды қолдады. Б.Праммер алдағы уақытта екі елдің сыртқы саясатында қиылысатын нүктелер мол болатынына сенімін білдірді, өйткені Австрия бүгінгі таңда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып отыр, ал Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдайды. Адам құқығы, пікірлер мен БАҚ бостандығы парламентшілердің басты қызметі болуы тиіс, деп атап көрсетті Праммер ханым. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев елдер арасындағы берік байланыстарды, Австрияның Қазақстанды тәуелсіздік алған сәттен бері қолдап келе жатқанын тілге тиек етті. Алайда спикердің пайымдауынша, екі мемлекеттердің қатынастарында зор әлеует бар, осыған байланысты республика ЕҚЫҰ төрағалығы ұсынатын мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның және тұтастай алғанда Орталық Азияның беделін нығайта түсуге пайдаланатын болады. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қатысты Қ.Тоқаев оның Қазақстанға да әсер еткенін атап өтумен қатар, ҚР Үкіметі шұғыл қимылдап, ел экономикасын қолдайтын шаралар топтамасын ұйымдастырғанын жеткізді.