Сенат су ресурстарын қорғауға арналған заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Заңның мақсаты — 1999 жылғы 17 маусымда Лондонда қабылданған хаттаманы ратификациялау. Хаттама су ресурстарын тұрақты басқару есебінен, сондай-ақ сумен байланысты аурулардың таралу дәрежесін болдырмау және шектеу арқылы халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған құжаттың негізгі мақсаттары Орнықты даму саласындағы мақсаттармен стратегиялық тұрғыдан ұштасады.
— Қазақстан — бүгінде су ресурстарының тапшылығы мен климаттық өзгерістердің әсерін қатты сезіп отырған елдердің бірі. Бұл мәселені шешу тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейді. Су сапасы, санитария, халық денсаулығы, трансшекаралық ынтымақтастық — бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақстанның тұщы су ресурстарының шамамен жартысы шекарадан тыс қалыптасады. Сол себепті Орталық Азиядағы суға тәуелді мемлекеттердің біріміз, — деді сенатор Арман Өтеғұлов.
Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша судың сапасы нашар болса, 35-тен астам инфекциялық ауру таралуы мүмкін. Сондықтан біз су мәселесін тек ресурстық міндет емес, денсаулық, әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастыққа әсер ететін кешенді саясат ретінде қарастыруымыз керек.
— Қабылданған жаңа Су кодексі маңызды реформаларды бастады. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Су сапасы мен санитарияны халықаралық стандарттармен бекіту қажет. Міне, дәл осы жерде Су және денсаулық проблемалары туралы хаттама шешуші рөл атқарады. 1999 жылы Лондонда қабылданған Хаттама — әлемде су және денсаулық мәселелерін біріктіретін бірегей халықаралық келісім. Құжат су ресурстарын тұрақты басқару есебінен, сондай-ақ сумен байланысты аурулардың таралу дәрежесін болдырмау және шектеу арқылы халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, — деді депутат.
Хаттаманы ратификациялау нәтижесінде су қауіпсіздігі нығайып, трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық тиімдірек болады.
Хаттама бойынша елдердің негізгі міндеттемелері:
— сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу;
— сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйелерін құру және жетілдіру;
— ден қою бойынша қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген төтенше жағдайларда іс-қимыл жоспарларын әзірлеу;
— халықты қолданыстағы санитариялық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бөлігінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту;
— шешім қабылдау процесіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңдерінде халықтың хабардарлығын арттыру;
— су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісімге қол қойды.