Сенат Төрағасы: Референдум – Президенттің саяси бағдарын іске асырудың тарихи кезеңі
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM - Жаңа Конституция ауыл өмірін жақсартуға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, инклюзия және этносаралық келісімнің өзекті мәселелерін шешуге қалай көмектесе алады? Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Жетісу облысының фермерлерімен осы тақырыптағы өзекті мәселелерді талқылады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Елдің әл-ауқаты осы саладағы табыспен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы ілгерілеу ауылдардың, өңірлердің, жалпы, тұтас елдің дамуына серпін береді. Бүгінде осы және басқа да салаларда жүйелі жаңғырту жүргізіліп жатыр. Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және бүгінгі әрі келер ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Жетісу облысы – еліміздің маңызды ауылшаруашылық, индустриялық, ғылыми және экономикалық орталықтарының бірі. Бүгінде өңірдегі кәсіпорындар осы игі дәстүрді жалғастырып, өсім мен инновацияның нақты драйверіне айналып келеді, – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесу барысында елімізді орнықты дамыту, демократиялық қағидаттарды нығайту, саяси жүйені кешенді жаңарту үшін конституциялық реформаның стратегиялық және тарихи маңызы зор екенін атап өтті.

– Жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді ауқымды әрі жүйелі жаңғырту бағдарын іске асыру жолындағы тарихи кезең. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді азаматтардың таңдауына сүйене отырып қабылдау демократия қағидаттарына адалдықтың айқын көрінісі екені анық. Конституциялық реформаның басым міндеті – Тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ, елдің орнықты дамуына басымдық берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат делегациясы сонымен қатар «Асар» спорттық-оңалту кешенінің қызметкерлерімен және өнеркәсіп аккумуляторларын шығаратын зауыттың жұмысшыларымен әңгімелесті.


