Сенат Төрағасы БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі Жоғарғы Өкілімен кездесті

Кездесу барысында Қазақстан мен Өркениеттер Альянсы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты, оның ішінде мәдениетаралық диалог саласында Альянс жүргізіп отырған жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасылды.
«Қазақстан Альянспен әріптестікті дамытуға жіті назар аударады және оның мақсаттары мен міндеттерін қолдайды. Еліміздің Мәдениет министрлігі Өркениеттер Альянсы аясындағы іс-қимылдардың Ұлттық жоспарын жасақтауды аяқтауда. Ол Қазақстан Республикасының Альянспен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға тың серпін беріп, оның идеяларын қазақстандық қоғамда таратуға ықпал жасайтын болады»,- деді Қ.Тоқаев.
Ж.Сампайо Қазақстанның өркениетаралық және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету жолындағы, толеранттықты нығайту мен мәдениеттерді өзара жерсіндірудегі маңызды рөлін атап өтті.
БҰҰ Жоғарғы Өкілінің айтуынша, Қазақстан Альянстың «Достар тобының» белсенді мүшесі ретінде аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында нақты қадамдар жасауда.