Сенат төрағасы қытайлық Genertec холдингінің басшысын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев холдинг басшысын Қазақстандағы автомобиль жасау саласын жаңғыртуды көздейтін инвестициялық ірі келісімге қол қойылуымен құтықтады. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл келісім сауда және инвестиция саласындағы үлкен оқиға ретінде халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында зор серпіліс туғызып отыр.
Лу Йимин «Genertec» холдингінің Қазақстанда қол жеткізген келісімдері мен жаңа жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары туралы хабардар етті.
Сенат төрағасы әлемдік экономикадағы ҚХР-дың орны Қазақстан үшін айқын екені және Қытаймен ынтымақтастық басым бағыт ретінде саналатынын атап өтті. Қ. Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бес жыл бұрын Астанада жария еткен Жібек жолы жаңа стратегиясын іске асыруда бірлескен іс-қимылдың маңызды екенін айтты.
Сенат басшысы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыруда екі мемлекеттің заң шығару органдарының рөлі зор екеніне тоқталды. Халық өкілдерінің бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшудың Қазақстанға сапары парламентаралық үнқатысуларға жаңа серпін бере алады.