Сенат Төрағасы Португалия Елшісін қабылдады

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев П.Бартолоны ресми қызметке кірісуі және сенім грамотасының табысталуына байланысты құттықтап, оның Португалияның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы ретіндегі қызметі екі елдің саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сенат басшысы сонымен қатар, Астана Лиссабонмен барлық салалар мен деңгейлердегі диалогты ілгерілетуге мүдделі екендігін атап өтті.
«Біздің іскерлік әріптестігіміздің тиімді бағыттары отын-энергетикалық, аграрлық, азық-түлік, фармацевтика, құрылыс секторлары мен жеңіл өнеркәсіп саласы болып табылады», - деді Қ.Тоқаев.
Жоғары палата басшысы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайту мәселелеріне тоқталып, осы бағыт заң шығару қызметін жетілдіру, демократияландыру мен азаматтық қоғамды құруға ықпал етуші саяси диалогтың маңызды құрамдас бөлігі екендігін атап өтті. Ол Португалия Республикасы Ассамблеясы Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстандық Сенат жетекшісі П.Бартолоны Қазақстанның ЕҚЫҰ Төраға ретіндегі қызметі, сондай-ақ, өткізілген Трансазиялық парламенттік форум жұмысы мен Қырғызстандағы ахуалды экономикалық және саяси тұрақтандыру шаралары туралы хабардар етті.
П.Бартоло өз кезегінде Қазақстанның экономикалық және сыртқы саясаттағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол Португалия ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөніндегі, Қырғызстанды экономикалық өрлету бағдарламасын жасақтауға қатысты қазақстандық бастамаларды толық қолдайтынын мәлімдеп, біздің еліміздің ЕҚЫҰ Төрағалығы жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.