Сенат төрағасының орынбасары инвестициялық келісімшарттарды сынға алды
«Статистика мәліметіне тоқталсақ, елімізде бекітілген инвестициялық келісімшарттар көп. 2017-2022 жылдар аралығында 3,4 трлн теңге сомаға 351 инвестициялық келісімшарт жасалған. Оның ішінде 2,5 трлн теңге шамасында жүзеге асырылып жатқан 238 шарт бар. Келісімшарттар көп, ал экономикамыздың құрылымы импортқа тәуелді болып қалып отыр», - деді О. Перепечина Сенатта Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымдылығы тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, Қазақстан ең маңызды құрылыс материалдарының импортына 90 пайызға тәуелді. Сонымен қатар, бюджеттен қомақты қаржат бөлініп, агроөнеркәсіп кешеніне салық және кедендік преференциялар берілгеніне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың 56%-ға дейін көлемін импорттаймыз.
«Арнайы экономикалық аймақтарға тоқталсақ, АЭА-лар аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындарды құруға салынған инвестицияның жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болды, оның 65%-дан астамы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен. Бұл тұрғыда жеке инвестицияны мемлекеттік инвестициямен нақты алмастыру болғаны байқалып отыр. Осы саладағы жағдай өнеркәсіпке жеке инвестицияларды тарту деңгейінің төмендігін, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың экспорт бойынша бағдарының нашар екенін көрсетіп отыр», - деді Сенат төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, АЭА-ға инвестицияларды тартуға кедергі келтіретін негізгі проблема инфрақұрылымның толық салынбауына, мықты кадрлардың тапшылығы және басқа да мәселеге қатысты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр.