Сенат тұрғын үй қатынастарына арналған заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыланды. Құжатқа бірқатар түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
None
None

Еске сала кетейік, заң жобасы бойынша тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары енгізіледі. Мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тобын анықтай мақсатында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.

Тоқтала кететін жайт, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.

Екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар түзетулер енгізілген болатын. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары тұрғын үй қорынан мұқтаж азаматтарды есепке қойған кезде облыстық маңызы бар қалаларда кемінше үш жыл тұрақты тұру жөніндегі талапты алып тастауды ұсынады. Бұл талап тек Алматы мен Астана қалаларында олардың ерекше мәртебесіне орай қалдыру көзделеді.

Сонымен қатар, сенатор Қуаныш Айтаханов көп балалы отбасыларға, үшемдерді дүниеге әкелген ата-анаға баспананы кезексіз беру туралы бастама көтерген болатын. Бұл түзетулерді Үкімет ішінара ғана қолдап, аталған санаттағы тұлғаларды баспанамен қамту құқығын жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етуге беруді ұсынған.

Жалпы, Сенат Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына он бес түзету енгізіп, құжатты төменгі палатаға қайтарды.

Соңғы жаңалықтар