Сенат ұлттық спорт түрлерін дамытуға қатысты заңды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының негізгі бағыттары: уәкілетті органның құзыретін кеңейту, жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту, спорттық инфрақұрылымының қолжетімділігі, білім беру саласындағы жаңалықтар.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша,

уәкілетті органның құзыреті ұлттық спорт түрлерінің тізбесін бекіту, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту, сондай-ақ мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативін бекіту бойынша тиісті функциялармен толықтырылды.

«Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті келесі қызметтермен толықтырылды: дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің санын арттыру, халықпен жұмыс істеу үшін дене шынықтыру және спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету, мемлекеттік спорттық әрі шығармашылық тапсырысты бекіту және орналастыру, балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлығы клубтар желісін кеңейту», - деді министр.

Спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі мыналарды қарастырады:

- мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын қоса алғанда, олардың тұрғылықты жері бойынша және көпшілік демалатын орындарда спорт объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- тұрғын үй кешендерін салу кезінде мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін ескере отырып, спорт алаңдарымен қамтамасыз ету қажеттілігі.

Жалпы отырыс барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл құжат балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін спорт және шығармашылық бағыттағы мемлекеттік тапсырыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұдан былай мемлекет қаржыландыратын спорттық және шығармашылық үйірмелер мемлекеттік сатып алудың қорытындысына байланысты емес, олардың рейтингіне, сондай-ақ, халықтың сұранысына қарай анықталады. Осы заңға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тұрғылықты жерде және демалыс орындарында спортпен шұғылдануға жағдай жасау нормалары да енгізілді. Соған сәйкес бұл жұмыс енді жергілікті атқарушы органдардың міндеті болып есептеледі. Сонымен қатар бұл құжатта ұлттық спорт түрлерін дамыту, оларды жас буынға мектеп кезінен бастап насихаттау мәселелеріне де ерекше назар аударылған», – деді М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар