12:29, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Сенат заң терминдері сөздігін жарыққа шығарды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты тұрақты, әрі жиі қолданылып жүрген мемлекеттік тілдегі заң терминдері мен сөз тіркестерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігін жарыққа шығарды.
Сөздіктің негізіне еліміздің қос палаталы Парламенті алғашқы шақырылымдарынан бастап қабылдай бастаған, өміріміздің сан-алуан салаларын қамтитын заңдардың, кодекстердің мәтіндері алынды. 2002 жылдан бастап шығарылып келе жатқан сөздіктің «Фолиант» баспасынан осы таяуда ғана жарық көрген толықтырылған бұл үшінші басылымында 1996-2007 жылдар аралығында қабылданған 250-ден астам заңдарға енген 11 мыңға жуық екі тілдегі терминдер жинақталған. Бұл сөздіктің авторлық құрамы ? Парламент Сенаты Аппаратындағы лингвист-мамандар, тәжірибелі аудармашылар, ал сөздік мәтінінің жалпы редакциясын жүргізген Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі ? М. Айымбетов. Мейлінше екшеліп, сұрыпталған терминдік атаулардың, сөз қолданыстарының жалпы көпшілікке, заң шығару қызметімен айналысып жүрген заңгерлерге арналғанымен, бұл еңбек - тілдік қорымызды жаңа қолданыстардың, сөздердің алуандығымен байытатын басылымдардың бірі болары сөзсіз.Сөздік депутаттарға, Парламенттің, Үкімет Кеңсесінің, министрліктердің, басқа да орталық атқарушы органдардың мамандарына берілетін болады.