Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жасанды интеллект туралы» Заңы мен ілеспе құжат қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. 

Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл заңдар цифрландыру процестерін реттеу, жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізу және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін заманауи құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған.

— Бүгінгі таңда жасанды интеллект, үлкен деректер, блокчейн сияқты заманауи технологиялар институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық, инклюзия және тұрақты экономикалық өсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазіргі уақытта бұл салада 11 өңірде 27 университет пен 6 ғылыми институт белсенді жұмыс істеп отыр, зерттеулерге 479 ғалым жұмылдырылған. Бұл сала бойынша 62 жоба іске асырылып жатыр. Жасанды интеллектіні енгізу нормативтік базасыз мүмкін емес. Негізгі заң Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект технологияларын реттеу үшін құқықтық негіз құрайды. Ол жасанды интеллектіні қауіпсіз және этикалық енгізуді қамтамасыз етуге, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ инновациялық дамуды ынталандыруға бағытталған, — деді сенатор Бибігүл Аққожина.

Бұдан басқа, заңда адам мен қоғамды ықтимал қауіпті технологиялардан қорғауға бағытталған қатаң шектеулер бар екенін атап өткен жөн.

— Сонымен қатар, заңға қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін бірқатар түзету қабылданды. Мәселен, жауапкершілікті сақтандырудың ерікті түрін қолдануды алып тастау қарастырылып отыр. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ерікті түрде сақтандырумен қатар, жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және оларды пайдалануға байланысты тәуекелдерді міндетті түрде сақтандыруды қолдану ұсынылады. Бұдан басқа, Мәжіліс қабылдаған заңда тәуекелдер анықталған жағдайда нұқсанды барынша азайту жөніндегі іс-қимылдармен шектелу көзделген. Түзетуге сәйкес, жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иегерлері мұндай қатерлерді болғызбау үшін нұқсанды да болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауы керек, — деді депутат.

Осы орайда сенаторлар «Жасанды интеллект туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жекелеген баптарын мақұлдамай, аталған баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, заңдарды Мәжіліске қайтару жөнінде шешім қабылдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 5 жыл ішінде Қазақстанда 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарлануда. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді

Соңғы жаңалықтар