Сенатқа өңдеу өнеркәсібіне жауапты ведомстволардың басшылары шақырылады – Мәулен Әшімбаев

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің проблемаларын көтерді. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Kazinform.

Сенат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Ол өзінің депутаттық сауалында басымдық берілген жоғары деңгейде өңдеу кластерін құру жөніндегі 15 ірі жоба бойынша министрлік жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті.

Сенатор сарапшылармен, өнеркәсіп мамандарымен кездесулер барысында серпінді жобаларды іске асыруда проблемалы үш блог анықталғанын жеткізді. Біріншісі – ол базалық мәселелер. Бұл тұрғыда шикізатпен әрі ресурстармен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды тарту, жобаларды жүзеге асыруға арналған алаңдарды даярлау жұмыстары қамтылуы тиіс.

«Проблемалардың осы блогындағы кемшіліктерді шешу айрықша маңызды, себебі жобаларды іске асырудың басталуы солардың шешіміне тікелей байланысты. Біріншіден, кәсіпорындарға жеткілікті көлемде және тиісті бағадағы шикізатты жеткізу, сондай-ақ оларды қажет ресурстармен қамтамасыз ету мәселесі ашық күйінде қалды. Нормативтік база жетілдіруді талап етеді. Қазір отандық өндірісте қайта өңделген импорттық шикізат пен компоненттер әлі де басым екені жасырын емес. Қолданыстағы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң Мемлекет басшысының қазақстандық тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуына ықпал ете алмай жатыр», - деді С. Алдашев.

Сенатор проблемалардың екінші блогын белгіледі. Бұл ретте, жүзеге асыру процесінде озық технологияларды қолдану мәселесін шешіп, қаржыландыру көздері мен жоба операторларын анықтау керек. Ал үшінші блокта Қазақстан экономикасына қажет өнімді айқындау, тауарды экспортқа тасымалдау және өткізу сияқты маркетингтік проблемалар белгіленді.

«Жобаларды жоспарлау және іске асыру барысында жоғарыда аталған базалық, іске асыру және маркетингтік проблемалар қалай еңсеріледі? Сенаторларда Үкімет 15 серпінді жобаны жүзеге асыруға дайын ба деген сұрақ бар», - деді сенатор.

Бұл тұрғыда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев депутат өте маңызды мәселені көтеріп отырғанын айтты.

«Сенат регламентінің ережесіне сәйкес, сауалдың жауабын палатаның отырысында тыңдау жоспарланып отыр. Осы ретте, жақын арадағы бір отырысымызға мүдделі министрліктердің басшылығы арнайы шақырылады. Депутаттық сауалдың жауабын сол кезде тыңдап, мәселені жан-жақты талқылаймыз», - деді Сенат спикері.

Соңғы жаңалықтар