Сенатқа сайлауға дайындық қызу жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Конституциясында Сенаттың 32 депутатын жанама сайлау құқығы негізінде жалпыға бірдей сайлауда еліміздің азаматтары сайлайтын мәслихаттар депутаттарының жасырын да­уыс беруі жолымен сайланатыны белгіленген. Осылайша, Қазақстан халқы өз өкілдері арқылы Сенатты құруға қатысады.
None
None

Сенаттың 15 депутатын қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерінің өкілдігін Сенатта қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, Президент тағайындайды. Ал осы жылдың 28 маусымында өтетін сайлауда өкілеттілігінің конституциялық мерзімі аяқталатын сенаторлардың орнына еліміздің әр өңірінен бір-бірден 16 Сенат депутаты сайланады.

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі келесi күн - 2017 жылғы 29 сәуір­ден басталды. Ол сайлау өткiзiлетiн күнге бiр ай қалғанда, яғни 28 мамырда аяқталады. Қазіргі кезде ұсынылған кан­дидаттардың жалпы саны еліміз бо­йынша 84 адамға жетті. Депутаттыққа кандидаттар ұсыну облыстық, Астана және  Алматы қалалық, аудандық, қалалық мәслихаттар сессияларында жүргiзiлуде. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардағы өздерінің өкілдері арқылы Сенат депутаттығына кандидатураларды ұсынады.

Ал өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен тиісті сайлау комиссиясына Сенат депутаттығына кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.  Сенат депутаттығына кандидатты қолдап қол жинауды сенiм бiл­дi­рiлген адамдар ұйымдастырады. Қол­дарды жинауға арналған қол қою парақ­тарын тиісті сайлау комиссиясы береді. Депутаттыққа кандидат облыс мәслихаттарының, Астана немесе Алматы қалалық мәслихатының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде 10%-ының қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының 25%-ынан аспайтын даусына ие болуға тиiс.

Депутаттыққа кандидаттарды тіркеу мәселесіне келсек, кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң қоя­­тын талаптарға сәйкестiгi тексерiл­геннен кейiн, сондай-ақ, оны қолдап жиналған қолдар тексерiлгеннен кейiн Ортсайлаукомның шотына депозит ретiнде заннамада белгiленген ең төменгi жалақының он бес еселенген мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi.

Кандидат Сенат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемінде 5%-ын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмайды және ол республикалық бюджет кірісіне алынады. Ал тиісті облыстық, Астана және Ал­маты қалалық сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына кандидат­тарды тіркеуді Сайлау туралы Конс­титу­циялық заңның 73-бабында белгіленген құжаттар негізінде жүзеге асырады.

Де­путаттыққа кандидатты тіркеу кезінде оған тиісті куәлік беріледі және сайлау ко­миссиясының хаттамасы жасалады, ол үш күндік мерзiмде Ортсайлаукомға табыс етiледi. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе тiркеу туралы шешiм күшiнiң жойылуына оны ұсынған мәслихат (мәслихаттар) немесе кандидаттың жеке өзi жетi күн мерзiмде Ортсайлаукомға немесе сотқа шағым бере алады. Бұл ретте шағым берiлген күнiнен бастап жетi күн мерзім iшiнде қаралады. Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берілмейдi. 

Соңғы жаңалықтар