Сенатор әскери қызметшілерге арналған жеңілдіктерді қайтаруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштер шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл саладағы күрделі проблемалар шұғыл шешімді талап етіп отыр. Осы орайда сенатор Андрей Лукин Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына тиісті депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, қазіргі жағдайға талдау кезінде бұрын әскери қызметкерлерге берілген көптеген әлеуметтік жеңілдік жойылғанын немесе жақсы жаққа өзгермегені анықталған.
«Қазіргі кездегі қауіп-қатерді, әлемде болып жатқан әлеуметтік-саяси процестерді ескере отырып, Үкімет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту жөнінде кезең-кезеңімен шаралар қабылдау мәселесін пысықтауы қажет. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің теміржол көлігімен жылына бір рет демалысқа бару және кері қайтуда тегін жол жүру, қоғамдық көлікпен, қалалық, қала маңындағы және жергілікті осындай көліктермен тегін жүру керек. Сондай-ақ даладағы жаттығу төлемдерін беру, коммуналдық қызметтерді 50%-ға өтеу сияқты әскери қызметшілердің әлеуметтік жеңілдіктеріне басымдық беру қажет», - деді Андрей Лукин.
Осы мәселелерді шешу үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Сенатор аталған жеңілдіктерді қабылдау әскери қызметтің тартымдылығын арттырады және Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың имиджін айтарлықтай көтереді деп санайды.