Сенатор Астана медициналық университетіне ұлттық мәртебе беруді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында медициналық негізгі жоғары оқу орындарын одан әрі дамыту қажеттігі туралы айтты.
Сенатордың сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде медициналық көмектің сапасын арттыру және білікті кадрларды даярлау мақсатында денсаулық сақтау саласында жүйелі реформалар іске асып жатыр.
Депутат тарихы бай әрі халықаралық деңгейде танымал Астана медициналық университеті маман даярлау және саланы дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Демек, оның әлеуетін одан әрі нығайтуды уақытың өзі талап етіп отыр.
- Университет бакалавриаттан бастап резидентура, магистратура және PhD докторантураға дейінгі барлық деңгейде 80-нен астам білім беру бағдарламасын іске асырады. Университетте 11 мыңнан астам білім алушы, оның ішінде 20 елден 700-ден астам шетелдік студент оқиды. Соңғы 3 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 99%-ды құрады. Университеттің стратегиялық бағыты – профилактикалық медицина және халық денсаулығын сақтау. Бұл бағыт отандық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманұлының ғылыми мұрасымен толық үйлеседі, - деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Сенатор осыған байланысты Астана медицина университетіне «Ұлттық университет» мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ жоғары оқу орнына академик Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды. Ол сонымен қатар осы бастамаларды іске асыру үшін құқықтық және ұйымдастыру тетіктерін пысықтау қажеттігін атап өтті.
Еске салайық, 2024 жылы 25 мамырда медицина ғылымдарының докторы, профессор, гигиенист-нутрициолог ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті.