Сенатор ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қатысты ұсыныс айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қатысты ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қатысты ұсыныс айтты

«Іс жүзінде еліміздің барлық өңірінде бюджет қаражаты есебенін салынған әрі дайындалған, инфрақұрылыммен қамтылған индустриялық аймақтар бар. Алайда олардың көбісі бүгінде толық өндірістік қуатқа жүктелмеген. Сондықтан тиісті өкілетті органдар индустриялық аймақтарды талдау арқылы машина жасау зауыттарын салу үшін инвесторларды тартуы мәселесін пысықтауы керек», - деді М. Жұмағазиев Сенатта ауыл шаруашылығы техникасы тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында

Сонымен қатар депутат отандық техникалардың инвестициялық субсидиялар нормативтерін қайта қарау қажет екенін атап өтті.

«Қазіргі кезде шаруалар көтеріп отырған маңызды мәселелердің бірі – утиль алым мөлшерлемесі. Бұл біраз талқылауда болды. Утиль алымының мөлшерлемесін 50 пайызға дейін төмендетуге шаруалар қанағаттанбай отыр. Менің ойымша, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Себебі оны толығымен алып тастау да дұрыс болмайтын шығар. «ӨКМ Операторы» ЖШС жабылғаннан кейін, қайта өңдеуге арналған жабдықтарды тапсырып, сертификат алған шаруашылықтар оларды пайдалана алмай отыр. Өйткені дилерлер оларды қабылдамайды. Сондай-ақ лизингтік компаниялар арқылы жабдық сатып алу үшін сертификатты бастапқы жарна ретінде пайдалану мүмкіндігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Осыны шешкен жөн болар еді», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, трактор паркінің 80 пайызының, комбайн паркінің 76 пайызының қолдану мерзімі 10 жылдан асып кетті.

Республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасының орташа жаңару деңгейі 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4,3 пайызды құрады.

Ал бекіткен нормативке сәйкес жыл сайын 6 пайызы жаңаруы керек.

Бүгінгі жағдайды ескере отырып, орта есеппен алғанда техниканың жаңару деңгейі 8-10 пайыздан кем болмауы керек.