16:42, 15 Ақпан 2013 | GMT +5
Сенатор Е.Мұқаев Армениядағы президенттік сайлауды байқауға қатысады
АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының құрамында Армения Республикасы Президентінің сайлауына әзірлік және оның өтуін байқауға қатысады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Сайлау 2013 жылғы 18 ақпанда болады. Тоқтала кететін жайт, Президент сайлауы - ел егемендік алғалы өткізіліп жатқан 6-шы Президенттік сайлау. Ең бірінші Президент 1991 жылдың 16-қазанында сайланған болатын. Қазіргі елдің басшысы Серж Саргсян 2008 жылдың 19-ақпанында қызметіне кіріскен.
Елдің Конституциясына сәйкес, Армения Президенті 5 жыл мерзімге сайланады және бір тұлға екі реттен артық сайлана алмайды.