Сенатор коучтар жайында: солардың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі кезде психологтар мен коуч қызметін көрсететіндердің іс-қимылын бақылаудың жоқтығы өткір сезіліп отыр. Бұл туралы сенатор Амангелді Есбай мәлім етті.

коуч
Фото: freepik.com

Депутаттың айтуынша, психологиялық көмек саласында тиісті заңнамалық және кәсіби бақылаудың болмауына байланысты салалық білімі мен біліктілігі жоқ адамдар көбейді. Бұл ретте, өздерін психолог немесе коуч деп атап, емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Мұндай «мамандардың» кесірінен жеке өмірге араласуы, құпия ақпараттың таралуы, эмоционалдық және отбасылық күйзеліс сияқты мәселелер орын алған. Әсіресе, қысқа мерзімді курстар ұйымдастыратын және оны бітіргеннен кейін қатысушыларға сертификат беретін топтар ерекше алаңдатып отыр.

Сенатор олардың жұмыс әдісінің ғылыми негізіне күмән келтірді және олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, олардың кейбіреулері діни сенім қағидаларын өзінше жорамалдап, жалған түсінік қалыптастырады және ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік туғызып жатыр.

- Мысалы, отбасылық кеңес беруді сылтауратып, «жұбайыңызды қалай өзгертуге болады», «баланы басқару әдістері», «ажырасу – жаңа өмірдің басы» секілді радикалды көзқарасты насихаттаушы «мамандардың» әсерінен айрандай ұйып отырған қаншама отбасының шыңырағы шайқалды. Көптеген жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұсқаулар беріліп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады. Мұндай кеңестердің нәтижесінде ата-аналар мен балалар арасында сенім жоғалып, отбасылық қарым-қатынасқа нұқсан келуі жиілеп келеді. Сонымен қатар, «бизнес бастаймыз», «қаржылық еркіндікке жетелейміз», «сананы бағдарламалау арқылы миллионер боласың» деген ұранмен жалған коучтар азаматтарды несие алуға итермелеуде. Осының салдарынан көптеген адам қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батып, жеке өмірі мен отбасына кері әсерін тигізіп жатыр. Ағымдағы жағдай және негізгі мәселелерге тоқталсақ, Қазақстанда жеке практикамен айналысатын психологтар мен коучерлердің нақты саны белгісіз, себебі бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ, - деді Амангелді Есбай Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Осы орайда ол «психолог» немесе «коуч» атауын мамандыққа сәйкес келмейтін, қысқа мерзімді курстан өткен адамдар да еркін пайдаланып жатқанын айтты. Құпиялықты сақтау, клиентке зиян келтіру, эмоционалдық манипуляция жасау секілді теріс тәжірибелерге қатысты нақты жауапкершілік тетіктері белгіленбеген.

- Заң қабылдауды, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізуді, психологтар мен коучтердің бірыңғай ұлттық реестрін құруды, сондай-ақ Этикалық кодекс және құпиялылықты сақтау талаптарын заңдастыру арқылы клиенттің жеке деректерін қорғау, ақпаратты рұқсатсыз жарияламау міндеттерін құқықтық жауапкершілікпен бекітуді ұсынамыз, - деді сенатор.

Еске салсақ, жақында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым эзотериктер мен тренер-коучтерді сынға алды.

Соңғы жаңалықтар