Сенатор мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Ләззат Қалтаева депутаттық сауалында мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын көтерді.
Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде, яғни Covid пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, Алматыда жер сілкінген кезде қазақстандықтардың бұл әлеуметтік тобы ақпараттан мүлдем тыс қалды. Демек, денсаулық пен өмірлеріне қауіп төнгені анық. Төтенше жағдай қызметтері мүгедектігі бар адамдарға қатысты тиісті ұйымдарда соңғы рет 10 жыл бұрын оқу-жаттығу ұйымдастырған.
Сонымен қатар депутат мүгедектігі бар адамдарды құтқару және эвакуация мәселесі бар екенін атап өтті. Зерттеу мәліметіне қарағанда, әкімдіктерде осы азаматтарды табудың тиісті картасы жоқ, ал құтқарушылар мүгедек адамдарды эвакуациялау барысында олармен байланысқа шығу іс-қимылын білмейді.
«Осы мәселе бойынша өз ойымды ортаға сала отырып, назар аударатын проблемаларды атап өтпекпін. Мүгедек адамдар тіркелген ұйымдардан сарапшыларды қатыстырып, халықты оқыту, эвакуациялау, орналастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жоспар әзірлеу керек. Мүгедектігі бар адамдардың ерекше сұранысына сәйкес келетін баспаналарды жобалау және жарақтандыру қажет. Заманауи әдістер мен технологияны пайдалана отырып, әртүрлі науқасы бар адамдарға арналған ақпарат беру және оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу керек. Төтенше жағдай кезінде оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін осы азаматтардың бірыңғай дерек қорын құру керек», - деді Ләззат Қалтаева.