Сенатор С.Еңсегенов Дүниежүзілік түркі форумына қатысты
Шараға әлемнің 60 елінен 140-тан астам делегат келген болатын. Он бір секциялық отырыста мәдениетке, дипломатия мен туризмге қатысты мәселелер қаралды.
Сенатор С.Еңсегенов түркі халықтарының тарихи тамырластығы туралы айта келіп, көптеген ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің арқасында бай ортақ мәдени мұра қалыптасқанын атап өтті. «Мәдениетаралық үнқатысу жұртшылық арасында өзара сенім қалыптастыру мен ортақ болашақ құрылысында маңызды саяси құрал болып табылады», - деп атап өтті депутат.
Форум барысында делегаттар бұл шараның түркі республикалары арасындағы мәдени және туристік байланыстарды нығайтатынына сенім білдірді.
Халықаралық форум аясында бірқатар мәдени шаралар болды. Дипломатия, бизнес, ғылым, технолгия, мәдениет, спорт салаларындағы тамаша жетістіктері үшін «Kizil Elma» марапаттау салтанатында түркі халықтарының көрнекті өкілдеріне сыйлықтар табыс етілді. Түркі әлемінің мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Түркі мәдениетінің халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы сыйлыққа ие болды.
Салтанатты шаралар барысында бейнелеу өнерінің көрмесі ашылып, шығармашылық ұжымдар - Траки өнер университетінің симфониялық оркестрі мен қатысушы мемлекеттердің фольклорлық топтары өнер көрсетті.
Дүниежүзілік түркі форумының қорытындысы бойынша декларация қабылданды.