Сенатор Сарыбаев 13 адам мерт болған оқиға жайлы: Қауіпсіздік шараларын қарастыру қажет еді

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Алматыдағы хостелде өрттен 13 адам мерт болған оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

өрт
Фото: Kazinform/ senate.parlam.kz

«Түндегі өрттен қаза болған азаматтардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Кейінгі кезде осындай келеңсіз жайттар жиі орын алып жатыр. Мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс. Осындай келеңсіздіктер мемлекетімізге, бәрімізге сын. Бұл жайт қоғамдық-саяси ахуалымызға әсер етіп, тұрғындардың тарапынан алаңдаушылық тудырып жатқаны белгілі. Заң жағынан барлық мәселе қабылдануда. Азаматтық қорғаныс бойынша заң енгізіп жатырмыз. Онда бәрі жан-жақты қарастырылған. Әрине, азаматтық қорғаныс, өрт сөндіру саласында проблемалар бар, жоқ емес. Соның бәрін шешуіміз қажет», – деді Ғалиасқар Сарыбаев Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар депутат Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көптеген жатақхана жекешелендіріліп кеткеніне назар аудартты.

«Осыған орай Мемлекет басшысының жатақхана салуға қатысты тапсырмасы бар. Бірақ, министрлік жаңадан жатақхана салу үшін жобаларын жасап, сараптамадан өткізуі, жер телімдерін алуы қажет. Осындай рәсімдерге байланысты барлық студентті жатақханамен қамту үшін жекеменшік хостелдерді, кәсіпкерлердің жеке ғимараттарын пайдалануға рұқсат берілген еді. Бұл алыстан келіп оқитын жастарымызға жағдай жасаудың бір түрі болатын. Бірақ, қауіпсіздік шараларын қарастыру қажет еді. Сол қауіпсіздік шаралары қаралмаған деп ойлаймын», – деді сенатор.

Еске салайық, бүгін Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.

«Келген бойда 1-қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы — 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22-де жойылды», — деп хабарлады департаменттен.

Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды.

Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.

Алматыда хостелде болған өрт туралы соңғы мәліметтер мына жерде