Сенатор шетелдік мұнай компанияларындағы жалақыға біркелкі тариф ставкасын енгізуді көтерді
![None None](/static/img/plug.webp)
Сөз арасында депутат бұрнағы жылдары мамандыққа байланысты жалақының тарифтік ставкалары болғанын еске салып өтті. «Мұнай саласын алып қарасақ, Қызылорда облысында 6-7 шетелдік компаниялар бар. Онда бұрғылаушы мамандар жұмыс істейді. Олардың жұмысы Атырауда да, Маңғыстауда да, Оралда да, Қызылордада да бірдей - бұрғылау. Алайда, өкінішке қарай, Қызылорда облысындағы бұрғылаушы 100 мың теңге жалақы алса, келесі өңірде сол бұрғылаушының айлығы 300 мың теңге. Басқасын қойып, Қызылорданың өзіндегі алты компаниядағы бұрғылаушының жалақысы әртүрлі», - деді Қ. Баймаханов.
Осы ретте сенатор «ҚазМұнайГаз» компаниясы өзіне қарасты мұнай компанияларында жалақыға қатысты біркелкі тарифтік ставка енгізгенін айта келе, бұл жағымды жаңалық екенін алға тартты.
«Ал осындай жаңалықты неге шетелдік компанияларға енгізбеске? Шындап келсек, бұл үлкен экономикалық мәселе. Бұл - табыс салығы. Осыны ескеретін кез жетті», - дейді Қ. Баймаханов.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекет еліміздегі барлық экономикалық субъектілерге қатысты ең төменгі мөлшерден кем болмайтын еңбекақы ставкаларын белгілейтінін, ал жұмыс берушілер содан кем болмайтын жалақыны өздері белгілейтінін алға тартады.
«Жалпы, тариф жөніндегі мәселе әрбір секторда өз жүйесіне қарай белгіленген. Сондықтан да, бір саланың өзінде әртүрлі еңбекақылар болып та жатыр. Осы олқылықты жою үшін біз «Кәсіподақтар туралы» заң жобасында әрбір салада еңбекақы жүйесі белгіленуі керектігін ұсынып отырмыз. Сол жүйеге сәйкес, бір саладағы қызметкерлер еңбегінің көлеміне қарай бірдей, ал еңбегінің әртүрлілігіне қарай әртүрлі жалақы алуы мүмкін», - дейді Т. Дүйсенова.
Дейтұрғанымен, министр былтырғы жылы бір салада бірдей қызмет істейтін, алайда әртүрлі жалақы тағайындалған 130 факті орын алғанын атап өтті. «Осыған орай, бірдей еңбек еткеніне қарамастан әртүрлі жалақы тағайындағандар жауапқа тартылуы мүмкін, ондай айыппұл мөлшері Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасында қаралып отыр», - дейді министр.