Сенатор Жетісу облысының су шаруашылығы саласындағы проблеманы айтты
Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалының есебінде 9 су қоймасы, 15 су торабы мен бөгет, сондай-ақ 5000 шақырымнан астам магистральдық, тарату арналары мен коллекторлық-дренаж желісі бар. Оның ішінде 3 нысан апатты жағдайда тұр.
«Жетісу облысының Ескелді ауданындағы Қаратал өзеніндегі су тарту бөгеті 1976 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері бұл нысанға күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Техникалық жағдайы нашар», - деді сенатор.
Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, «Ақешкі» және «Тентек» су нысандарындағы жағдай да осыған ұқсас.
Депутат бұл саладағы техникалық проблемалармен қатар, кадрлық мәселелерге де назар аударды. Каналға қызмет көрсету үшін норматив бойынша кадрлар саны 970 болуы керек. Ал іс жүзінде қазір 293 адам жұмыс істеп келеді.
«Бірыңғай тарифпен қаржыландырылатын объектілеріндегі су беруді реттеушілердің орташа жалақысы 85 870 теңгені құрап отыр. Жұмыс айларының ұзақтығы жылына 4-8 айды құрайды, яғни кадрлар тапшылығы байқалып жатыр. Ал бірдей жұмысты орындаған кезде республикалық бюджеттен қаржыланатын су объектісінде реттеушілердің жалақысы 141 931 теңгені құрады. Су шаруашылығының стратегиялық объектілерін қаржыландыру ерекшеліктері әлеуметтік теңсіздікке әкеледі, өндірістік учаскелердің қызметкерлері еңбек жағдайындағы және жалақыдағы айырмашылыққа наразы», - деп атап өтті сенатор.
Ғалиасқар Сарыбаев сөзін қорытындылай келіп, Үкімет басшысына саладағы мәселелерді шешуді сұрады.