Сенаторлар «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу мәселелерін талқылады

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат -  Бүгін Парламент Сенатында «Өңір» депутаттық тобының бастамасы бойынша «2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
None
None

Жиынды ашқан «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев 2010 жылы аяқталған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасының іске асыру қорытындыларына тоқталып, таяу онжылдықта ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жаңа «Ақбұлақ» бағдарламасын орындаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы мен 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында белгіленген міндеттер ескеріле отырып, әзірленген болатын. «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен елеулі қаржы бөлінді. Дегенмен, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану, жөндеу-құрылыс жұмыстарын атқару мерзімдерінің бұзылу мәселелері қалың жұртшылық тарапынан сынға ұшырап келеді», - деді жиын барысында Е. Жұмабаев.

Бұдан бөлек, жиын барысында сөз алған Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Александр Судьин аймақтармен, жергілікті өкілді және атқарушы билік активімен байланысты нығайту, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту, аймақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бағыттарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі Парламенттің міндеттері аясында осы талқылаудың өзектілігін атап өтті.

Отырыста құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық істері жөніндегі агенттік басшысы С.Нокин, экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары А.Ескендіров, су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы И.Әбішев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы А.Надырбаев, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ж.Бекшин, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметов сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Отырысты қорытындылай келіп «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру, өмірді қамтамасыз ететін жергілікті инфрақұрылымды нығайту және аймақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары үшін осы талқылаудың пайдалы болғанына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар