Сенаторлар әуе компаниялары қызметінің сапасын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаторлар әуе тасымалы қызметінің сапасын сынға алды, оның ішінде рейстер бағасының қымбаттауы мен ұзақ мерзімге кешіктірілуі де бар. Бұл туралы ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
Фото: senate.parlam.kz

Сенаторлар Қаржы және бюджет комитетінің отырысында жолаушыларды ел ішіндегі әуе жолымен тасымалдау саласындағы мәселелерді талқылады. Комитет хатшысы Сергей Карплюк биылғы 28 наурызда 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында әлеуметтік маңызы бар тасымал шығыстарын субсидиялауға 800 млн теңге бөлінгенін атап өтті.

«Бұған дейін «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңдағы Жолаушыларды тасымалдау ережесіне жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Алайда, қазіргі кезде көрсетілетін қызметтердің сапасы әлі де көптеген сұрақ туғызып отыр, оның ішінде рейстер бағасының қымбаттауы мен ұзақ мерзімге кешіктірілуі де бар», - деді сенатор С. Карплюк.

Депутаттар сонымен қатар, еліміздің кейбір өңірлерінде әуе көлігі қызметтеріне қол жеткізудің қиындығын атап өтті. Бұл, әсіресе ішкі туризмнің қарқынды дамуына, жаңа облыстардың құрылуына және жаңа бағыттардың ашылуына қатысты болып отыр.

Салалық министрліктің өкілі сенаторлар айтқан пікір-ұсыныстармен келісе отырып, рейстердің кешігуі мен тоқтатылуын қысқарту, сондай-ақ ұшақ билеттерінің құнын төмендету үшін отандық әуе компанияларымен авиапарктерді және ұшақтар сыйымдылығын ұлғайту жөнінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, 2022-2023 жылдары қазақстандық және шетелдік әуе компанияларына 25 млн теңгеден астам сомаға 9 айыппұл салынғаны айтылды.

Сенатор Сергей Карплюк отырысты қорытындылай келіп, азаматтық авиация комитеті әуе компаниялары ұсынатын қызметтердің сапасына ерекше назар аударуы, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын қорғау саласында туындайтын проблемаларға жедел әрекет етуі қажет екенін атап өтті. Депутат сондай-ақ, қажет болған жағдайда проблемаларды шешуге, оның ішінде заңнаманы жетілдіру жолымен жәрдемдесуге Парламент Сенаты дайын екенін жеткізді.

Айта кетсек, әуе компаниясы «қара тізімдегілерді» тасымалдамауға құқылы, ал жолаушылар құқы қалай күшейтілді?

2022 жылы 78,4 мың әуе рейсінің ішінен 5 мыңнан астамы тоқтатылған.

Air Astana-ға екі жылда 6,7 млрд теңге айыппұл салынды.

Ал, Fly Arystan Air Astana-дан бөлініп шыққанда билет арзандауы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар
Референдум