Сенаторлар аймақтарды араламақ

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды.
None
None

Бюро мүшелері алдағы 24 сәуір күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін қарады. Палата отырысына төрт мәселені шығару жоспарланып отыр. Атап айтқанда, сенаторлар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) заң жобаларын қарайды. Бұл заң жобаларын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев шұғыл қаралуы қажеттігі туралы жариялаған болатын.

Одан басқа, Сенат жалпы отырыста Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы және Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімнің күшін жою туралы заң жобаларын қарайды.

Бас комитеттердің төрағалары Палата отырысында заң жобаларын қарауға әзірлік барысы туралы хабардар етті.

Сенат Бюросында сондай-ақ Мәжілісте мақұлданған бірқатар заң жобалары бөлінді. Тұрақты комитеттерге және Санат Аппаратына «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары берілді. Сонымен қатар, Сенатқа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» заң жобалары және заңнамаға қылмыстық-іс жүргізу жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасы түскен болатын. Бұл заң жобалары бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып белгіленді.

Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының ұсынуы бойынша Бюро Оңтүстік Қазақстан облысындағы қалалық және аудандық мәслихаттардың бірқатар депутаттарын отандық құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған қызметі үшін Сенаттың Құрмет грамотасымен марапаттау туралы қаулы етті.

Одан басқа, Қ.Тоқаев Сенат Төрағасының орынбасары Қайрат Ишановқа және Сенат Аппаратының Басшысы Александр Судьинге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының атынан «Достастық» орденін табыс етті.

Бюро отырысының соңында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы Палатаның депутаттары 28 сәуір мен 5 мамыр аралығында еліміздің аймақтарына аттанатынын хабардар етті. Сенаторлар сайлаушылармен кездесіп, әлеуметтік сала және экономиканың нақты секторының кәсіпорындарында болады. Депутаттар Парламенттің қазіргі кездегі заң шығару қызметі және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы жұртшылықты хабардар етеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум