Сенаторлар қандай заңдарды қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттардың қарауына бұған дейін Мәжіліс қабылдаған бір ғана заң бірінші оқылымда талқыға түседі.

Айта кетейік, 21 сәуір күні Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 24 сәуір күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекіткен еді.
Соған сәйкес сенаторлар бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Заңның негізгі мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу, қазақстандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай орнын қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығын арттыру.
Сондай-ақ бюро отырысында комитеттердің алдағы отырыстарының тақырыбы талқыланды. Соның аясында депутаттар мен мүдделі тараптардың ауыл шаруашылығын (бау-бақша және жүзім шаруашылығы) дамыту және «жасыл» инвестицияны тарту мәселелеріне қатысты бірлескен іс-шаралары күн тәртібіне шығарылды. Іс-шара барысында бұған дейін Парламент Мәжілісінде қабылданған заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.
Жалпы отырыс барысында құжат бойынша сенатор Сағындық Лұқпанов негізгі баяндама жасайды. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенатолар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін.
Ал жалпы отырыстан соң БАҚ өкілдеріне арналған брифинг жоспарланған. Онда сенатор Сағындық Лұқпанов пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тілшілердің сауалдарына жауап береді.
Естеріңізде болса, Сенат депутаттарының қарауына шығарылған, Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген тауарлардың шығарылған елін анықтау туралы заңды осы жылдың наурыз айында Мәжіліс қабылдаған болатын. Сол уақытта жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров түзетулерде уәкілетті органның, яғни, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің анықтамасы бар Қазақстаннан шығарылған тауарлардың тізілімі енгізілетінін айтты.
– Цифрлық верификация мен өндіріске бағалау жүргізу арқылы қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру көзделеді. Ал «CT-KZ» нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады, – деген еді М.Ескендіров.
Бұл ретте тізілімге енгізілетін кәсіпорындарға өндірістік жағдайларға, өндірістік және технологиялық операцияларға қатысты талаптар белгіленіп, олардың орындалуына бақылау күшейтілген. Нағыз отандық тауар өндірушілер мемлекет тарапынан субсидиялар, экспорт шығындарының бір бөлігін өтеу, шетелдік көрмелерге қатысу, көлік шығындарының бір бөлігін жабу секілді қолдауларға ие болады. Сонымен бірге енді ұлттық режимнен босатылған тауарларды сатып алу кезінде конкурс тек осы тізілімге енгізілген кәсіпорындар арасында өткізіледі.
Өткен бейсенбідегі палата отырысында депутаттар «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдаған еді. Талқылау кезінде айтылғандай, келісімді ратификациялау қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортын әртараптандыруды, ТМД нарықтарындағы бизнестің позициясын нығайтуды және инвесторларға қатысты тәуекелдерді азайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
«Келісім ТМД елдерімен серіктестігімізді одан әрі нығайтуға бағытталып отыр. Бұл құжат қызмет көрсету саласында еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелерді қамтиды. Сондай-ақ тараптардың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған нормалар да бар. Жалпы, заң ТМД елдері арасында сауда-экономикалық белсенділікті арттыруға және өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деген болатын Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Жалпы отырыс күн тәртібі қаралып болғаннан кейін депутаттар Үкімет мүшелеріне депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Сүйіндік Алдашев отандық әуежайларды дамытуға қатысты жүйелі шаралардың жоқтығына және инфрақұрылымның тозуына алаңдаушылық білдірсе, Ольга Булавкина елімізде пластик қалдықтар көлемінің артуына және оны қайта өңдеу жүйесінің заман талабына сай болмауына назар аударды.