Сенаторлар Кеден комитетінің «Жедел басқару орталығының» жұмысымен танысты

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде болып онда Комитеттің «Жедел басқару орталығының» жұмысымен танысты,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кедендік бақылау комитетіне қарасты «Жедел басқару орталығы» Қазақстан Республикасының шекарасынан тауарлар мен көліктердің өтуін жеңілдету әрі кедергілерді жою мақсатындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2008 жылдың мамыр айында Үкіметтің қаулысымен құрылған болатын. Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов «Жедел басқару орталығы» ақпараттық-бағдарламалық кешеннің жұмысымен таныстыра келе, бұл бағытта арнайы заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жетіспей отырғандығын атап өтті. «Жалпы, Орталықтың жұмысын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы бүгінгі күні Парламент Мәжілісінде талқыланып жатыр. Осы құжаттағы басты жаңалық ықпалдасқан бақылауды жүзеге асыру үшін кедендік бекеттердегі бақылау функцияларын бір орталықтан басқаруға көшіру болып табылады. Яғни, ықпалдасқан бақылауға сай ел шекарасындағы тексеруші органның санын 5-тен 2 мемлекеттік органға қысқарту құпталады. Мәселен, жоба бойынша кеден органы Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің тарапынан атқарылатын қызметтерді қоса атқаратын болады. Осыған орай, шекарадан өту үдерісінде уақыттың үнемделуімен қоса, сапалы тексерулер де жүзеге асады. Біз осы мақсаттағы Жедел басқару орталығын ашу барысында әлемдегі озық үлгілердің бірі ретінде АҚШ Кеден қызметінің тәжірибесіне көбірек назар аудардық», деді Қ. Кәрбозов. Оның айтуынша, Жедел басқару орталығының іске қосылуына орай, шекарадан өту рәсімінде басы артық кедендік құжаттар толтырылмайтын болды. Мәселен, кедендік рәсімдеу кезінде тауардың жеткізілуін бақылайтын құжат толтырылмай, ондай қызмет Жедел басқару орталығының автоматтандырылған жүйесімен жүзеге асатын болады. Сондай-ақ кедендік шекарадан өту кезіндегі көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық, санитарлық-карантиндік және кедендік тексеру өткізілгеннен кейін барлық құжаттар автоматты түрде Жедел басқару орталығына түсіп отырады. «Осылайша, «Жедел басқару орталығы» барлық бақылаушы органдардың жұмысын үйлестіруге, жолдама құжаттарды қолдану арқылы артық кедендік ресімдеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесе отырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қаржылық шығындарын анағұрлым азайтатын болады», деді Комитет төрағасы.
Соңғы жаңалықтар