Сенаторлар резервтік инсулиндік қор құруды ұсынды
«Біздің депутаттық сауалымызға қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының жанайқайы негіз болып отыр. Ал елімізге келсек, 2018 жылдың қазан айына диспансерлік есепте тұрған қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 326 449 адамды құрағанымен, науқастардың нақты саны ресми көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі», - деді сенатор Динар Нөкетаева Сенаттың жалпы отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары соңғы бірнеше жыл ішінде жалпы алғанда мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау министрлігі тарапынан немқұрайлылық қарым-қатынасты өкінішпен айтып отыр. Аталмыш мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен көтерілуде.
«Оларды мазалайтын ең басты мәселе, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» нормативтік құқықтық актісінің жобасы болып отыр. Жобаға сәйкес, қант диабеті, жаңа динамикалық бақылауға алынатын сырқаттар тізбесіне енгізу сылтауымен, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталмақ. Нормативтік құқықтық актінің жобасы жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желілерде адамдар өздерінің наразылығын білдіруде. Осы мәселе өзіңіздің Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып баспасөз мәслихатын өткізген кезде де көтерілген болатын», - деді сенатор.
Ата-аналардың айтуынша, қазірдің өзінде диабеттік қамтамасыз ету, бірінші кезекте дәрі-дәрмектермен 100 пайызға қамтылмаған. Инсулиндермен қамтудың үзілуі, балалар шприцтерінің болмауы, сапасыз глюкометрлермен, балаларды инсулинді помпалармен және оларға шығын материалдарымен қамтамасыз етілуінің оқылықтары орын алып отыр.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, 1-типтегі қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналар қауымымен және Қазақстан Республикасы диабеттік оқу-ағарту қорымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне келесі ұсыныстар енгізілді:
1) қант диабеті бойынша ұлттық жоспар әзірлеу және қабылдау;
2) қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалдыру;
3) «Диабет және балалар» ведомствоаралық жоспарын қабылдау;
4) резервтік инсулиндік қор құру;
5) тегін медициналық көмек көлемі аясында глюкагонды сатып алу практикасын жалғастыру;
6) санаторлы-курорттық үлгідегі қант диабеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығын құру;
7) тексеру мерзімділігін: орта медицина қызметкерінің тексеруі - айына 1 рет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің тексеруі - 3 айда 1 рет, эндокринологтың тексеруі - 3 айда 1 рет етіп өзгерту;
8) қант диабетімен өмір сүру дағдыларына үйрету бойынша мамандандырылған «мектептер» ұйымдастыру.